ТҮРКІСТАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙЫ АЛҒАШҚЫ ЖОЛАУШЫЛАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ
Түркістанда Hazret Sultan Airport-ы өз жұмысын бастады. 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күні халықаралық әуежай Air Astana ұлттық әуе компаниясының құрамына кіретін FlyArystan әуеакомпаниясының Нұр-Сұлтан – Түркістан бағыты бойынша бірінші рейсін қабылдады. Тарихи сәтті облыс басшылығы, БАҚ өкілдері мен жолаушылардың туған-туыстары тамашалады.
«Бүгін біз Түркістан халықаралық әуежайына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне тұспа-тұс келген алғашқы рейстің орындалған тарихи сәтіне куә болып отырмыз. Бұл жұмыстардың барлығы да қаладағы туризм саласының қарқынды дамып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізетіні сөзсіз», – деді салтанатты шараға қатысқан Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай.
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары алдағы уақытта Түркістаннан Нұр-Сұлтанға аптасына алғашқы этапта 6 рейс, Алматыға аптасына 4 рейс жиілікпен FlyArystan, Scat және Qazaq air әуекомпаниялары әуе рейстерін орындайтын атап өтті. Еліміздің өзге қалаларына, шет елдерге, соның ішінде Түркияның Ыстамбұл қаласына әуе рейстерін ашу жоспарланған.
«Түркістан – бұл жыл сайын мыңдаған туристер келетін Қазақстанның рухани астанасы. Жаңа Hazret Sultan Airport-ы ашылып, қауіпсіз және заманауи FlyArystan ұшақтарымен әуе қатынасының басталуымен ұлы Жібек жолының көрікті жерлеріне қатынау қолжетімді болды. Біз туристердің жиі саяхаттап, Қазақстанның таңғажайып мұраларын ашқанын қалаймыз», – деді инагурациялық рейспен Түркістанға ұшып келген Air Astana президенті Питер Фостер.
5 желтоқсаннан бастап Алматыдан әуе қатынасы ашылады. Нұр-Сұлтан қаласына әуе билетінің құны 6999 теңгеден, Алматыға 5999 теңгеден басталады. Халықаралық әуежай сағатына 450 жолаушыны қабылдап, жылына 3 млн. жолаушыға қызмет көрсете алады. Әуежайдың ұшу-қону жолағының параметрі барлық әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді. Еліміз тәуелсіздік алғалы бірінші бой көтерген заманауи әуежайға авиация саласындағы халықаралық ұйымдардың, атап айтқанда ИКАО мен ИАТА-ның кодтары берілген.