408 МЛРД ТЕҢГЕГЕ ЖОБАЛАР «TURKISTAN» АЭА-ДА ІСКЕ АСЫРЫЛУДА.
Түркістан облысының орталығында құрылған «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағында 20 компания жалпы сомасы 408 млрд теңгеге 23 жобаны іске асыруда. Бүгінгі таңда оның 115 млрд. теңгесі игерілді. Нәтижесінде құрылыс кезеңінде жұмыспен қамтылғандар саны 5900 адамнан асады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Олардың қатарында Әуежай, Неке сарайы, көпсалалы аурухана, сауда-ойын-сауық орталығы, қонақ үй, тұрғын үйлер, спорт кешендері, көпфункционалды туристік кешен және бизнес-орталықтар бар.
Өңірдің тоқтап тұрған өнеркәсіптік алаңдарының әлеуетін іске қосу үшін арнайы экономикалық аймақтың өнеркәсіптік аймағының аумағына Кентау қаласындағы бұрынғы экскаватор зауытының 35 гектары енгізілген. Мұнда «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы «Brownfield» дайын ғимараттарының базасында аумақты бірлесіп игеру бойынша зауыт құрылтайшыларымен бірлескен жобаны іске асырды. Қазіргі уақытта құжаттарды дайындау жұмыстары жүргізілуде. Жалпы құны 2,2 млрд. теңгені құрады. Қол қою сатысында 2 жоба бар, олардың жалпы құны 2,2 млрд. теңге және 15 млрд. теңге сомасына 6 жобамен келіссөздер жүргізілуде.
Естеріңізге сала кетейік, «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы 2018 жылы Елбасы – ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен құрылған болатын. Жобаның мақсаты-Түркістан қаласын жедел дамыту, туристік әлеуетті арттыру және жалпы түркі әлемінің рухани астанасы ретінде одан әрі қалыптастыру. «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы 4 субаймақтан тұрады. Жалпы ауданы 3014 га құрайды, оның ішінде 297-тарихи-мәдени орталық, 1350-әкімшілік-іскерлік орталық, 400-өндірістік, 967-әуежай аумағы. «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағына келетін әлеуетті инвесторларға қолайлы инвестициялық жағдайлар жасау мақсатында 2043 жылға дейін кедендік салықтан, корпоративтік табыс салығынан, жер салығынан, мүлік салығынан, қосылған құн салығынан босату және жер учаскесін өтеусіз негізде беру көзделген.