БРИТАНДЫҚ ИНВЕСТОРЛАР ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫН ДАМЫТУҒА МҮДДЕЛІ
Сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелері мен инвестициялық мүмкіндіктер Лондонда өткен және «FT live Events» ұйымдастырған «Kazakhstan Global Investment Forum 2019» Қазақстан-Британ инвестициялық форумы аясында талқыланды. Форум жұмысына Ұлыбританияның және басқа елдердің 400-ден астам делегаттары, корпоративтік инвесторлары қатысты. Түркістан облысының делегациясын «Turkistan invest» басшылары, «TURKISTAN» АЭА және «Turkistan» индустриялық аймағының басқарушы компанияларын облыс әкімінің орынбасары басқарды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мейіржан Мырзалиев Түркістан облысында инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасауға және өңірге инвестициялар тартуға ықпал ететін бірқатар артықшылықтар қарастырылғанын атап өтті. Сонымен бірге, оның айтуынша, бүгінде ежелгі Түркістан өзінің тарихи келбетін сақтай отырып, қазіргі заманғы әдемі қалаға айналуда және осылайша шетелдік туристерді көбірек тартады.
Айта кетейік, Түркістан облысынан келген делегация АӨК, құрылыс, туризм және ЖЭК салаларындағы жетекші корпоративтік инвесторлармен 25-тен астам кездесу өткізді. Іс-шара аясында «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы үздік еркін экономикалық аймақты құрғаны үшін «Global Free Zones of the Year 2019» сыйлығымен марапатталды.
Сонымен қатар, Financial Times басылымымен ынтымақтастықты одан әрі дамыту және өңірде бірқатар жобаларды іске асыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Форум қорытындысы бойынша өңірмен танысу және тараптар арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мақсатында британдық инвесторлар мен туристердің өзара сапары жоспарланған.